Back To Top

Astana – Premier Tech 2022 жылдан бастап Astana Qazaqstan Team болып аталады

Әлемдік турдың кәсіби велокомандасы Astana – Premier Tech 2022 жылы жаңа атауға ие болады. Келесі маусымда қазақстандық велосипед жобасы Astana Qazaqstan Team атауымен өнер көрсетеді.

Qazaqstan – бұл ағылшын тіліндегі Қазақстанның нақты және дұрыс атауы. Qazaqstan – бұл қазіргі заманда елдің ежелгі дәстүрлерін, тілін, мәдениетін және даму стратегиясын біріктіретін халықаралық аренадағы мемлекеттің жаңа бренді.

«2022 жылдан бастап біздің велокоманда Astana Qazaqstan Team жаңа атауымен өнер көрсетеді. Бұл біздің еліміз үшін өте маңызды. Мемлекетіміздің атауы велосипедшілердің спорттық киімінде және команданың жаңа логотипінде болады. Мұның барлығы дәстүрлердің жалғасуының белгісі. Сонымен қатар команда алға екі маңызды мақсат қойды. Оның біріншісі әлемдік аренада еліміздің имиджін көтеру болса, ал екіншісі отандық велоспортты дамыту. Жоба қайта жаңғырып, команданы дамытудың жаңа кезеңіне дайындалады. Мен Қазақстан Республикасының Үкіметіне, сондай-ақ командаға белсенді қолдау көрсететін «Астана» кәсіби спорт клубына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Қазақстандық велоспорт федерациясы жаңартылған команданы дамытуда және алдағы уақытта талқыланатын жоспарларды жүзеге асыруда маңызды рөл атқаратынына қуаныштымын. Сондай-ақ, біздің федерация директорлар кеңесінде де, «Astana Qazaqstan Team» командасының менеджментінде да болатынына қуаныштымын. Біз отандық спортшылар мен мамандарға кәсіби шеберлікті арттыруда федерациямен команданың жұмысын күшейтуді, сондай-ақ «Astana Qazaqstan Team» кәсіби клубының қазақстандық велоспорт өміріне белсене қатысуын қарастырамыз», – деді Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Нұрлан Смағұлов.

 

«Мен біздің команданың жаңа «Astana Qazaqstan Team» брендімен дамуын одан әрі жалғастыратынына қуаныштымын. Бұл команданың басшылық қызметіне бас менеджер ретінде оралу мен үшін мәртебе. «Астана» жобасы 16 жыл бойы әлемдік спортта біздің елдің төлқұжаты секілді болды. Мен Қазақстан Республикасының басшылығына ұзақ жылдар бойы қолдау мен сенім көрсеткені үшін алғысымды білдіргім келеді. Astana Qazaqstan Team – бұл команданың жаңа атауы ғана емес, бұл біздің спорттық брендті тығыз интеграциялауға және Қазақстан Республикасының ірі халықаралық серіктес ретінде ілгерілеуге баса назар аударатын жаңартылған жобаның философиясы. Қазіргі таңда жаңа маусымға дайындық және команданы жоғарғы дивизионға тіркеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Сонымен қатар, біз қосымша жоба бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Оны жақын арада жариялайтын боламыз», –  «Astana Qazaqstan Team» командасының бас менеджері Александр Винокуров.