Latest News

Astana Qazaqstan Development жастар командасы 2022 жылға арналған шабандоздар құрамымен таныстырды

Follow Us

Back To Top

Astana Qazaqstan Development жастар командасы 2022 жылға арналған шабандоздар құрамымен таныстырды

Әлемдік Турдың командасы Astana Qazaqstan Team-ның жастар жобасы -Astana Qazaqstan Development Team командасының 2022 жылғы алғашқы велоспорт маусымына арналған шабандоздар құрамы белгілі болды.

Келесі маусымда команданың негізгі құрамында он шабандоз болады. Олардың бесеуі Қазақстан, тағы бесеуі Италия, Эквадор, Колумбия, Франция және Латвия өкілдері.

«Менің ойымша, біз жас шабандоздардың оңтайлы құрамын жинақтай алдық. Олардың басым бөлігі жоғары деңгейдегі жасөспірімдер мен жастар арасында өткен жарыстарда өнер көрсетіп, мол тәжірибе жинақтаған. Команданың тең жартысы Республикалық деңгейде де, Азия мен Еуропада да жоғары нәтижелерге қол жеткізген дарынды қазақстандық жігіттер. Біз соларға үміт артамыз және олармен жұмыс істеу біздің басты міндетіміз. Дегенмен, бұл команда Astana Qazaqstan Team-ның резервтегі командасы болғандықтан біз жас және болашағынан зор үміт күттіретін жігіттерді тек Қазақстаннан ғана емес, бүкіл Әлем бойынша іздеуіміз керек. Осылайша, бірден екі мақсатты көздейміз – біз беделді еуропалық жарыстарда жоғары орындар үшін күресе алатын жігерлі команда құрамыз және Әлемдік Турға қатысуға мүмкіндік алатын жас шабандоздардың әлеуетін байқаймыз. Олар қазақстандық велокоманданың негізгі бөлігі болмақ. Мен жастар командасының барлық жігіттеріне қош келдіңіздер деймін және алғашқы маусым сәтті өтеді деп сенемін», – деді Astana Qazaqstan Team бас менеджері Александр Винокуров.

Команда құрамы:

Даниил Пронский, Қазақстан, 21 жаста. Жасөспірімдер арасында өткен топтық жарыста Қазақстан чемпионы (2018), жасөспірімдер арасында өткен жекелей жарыста Азия чемпионы (2018), біркүндік «Вело Алания Гран-приі» жарысының жеңімпазы (2020), «Белград Баньялука» көпкүндік жарысының жүлдегері (2020).

Өркен Сламжанов, Қазақстан, 20 жаста. Жасөспірімдер арасында өткен топтық жарыста Азия чемпионатының қола жүлдегері (2019), 23 жасқа дейінгі топтық жарыста Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері (2021).

Николя Винокуров, Қазақстан, 19 жаста. Жасөспірімдер арасында өткен топтық жарыста Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері (2019 ж.), 23 жасқа дейінгі топтық жарыста Қазақстан чемпионатында 8-орын иеленген (2021), «Прованс-Альпі-Кот-д’Азур аймақтарының туры» көпкүндігінің жеңімпазы (2020 ж.), «Дю Жеводан Окситани туры» біркүндік жарысының күміс жүлдегері (2020), «Жасөспірімдер арасындағы Талавера Вуэльтасы» көпкүндік жарысының күміс жүлдегері (2020).

Кіші Александр Винокуров, Қазақстан, 19 жаста. «Жасөспірімдер арасындағы Вуэльта Талавера» көпкүндігінде 7-ші орын (2020 ж.), 23 жасқа дейінгі жекелей жарыста Қазақстан чемпионатында 10-орын иеленген(2021 ж.).

Андрей Ремхе, Қазақстан, 18 жаста. Жасөспірімдер арасындағы жекелей жарыста Қазақстан чемпионы (2021), жасөспірімдер арасындағы топтық жарыста Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері (2021), «Кайсері Джуниор Рэйс» және «Вело Эрсиес Джуниор Рэйс» көпкүндік жарыстарының жеңімпазы (2021). 2021).

Харольд Мартин Лопес, Эквадор, 20 жаста. Жекелей жарыста Эквадор чемпионы U23 (2021), 23 жасқа дейінгі топтық жарыста Эквадор чемпионатының күміс жүлдегері (2021), «Коста-Рика Вуэльтасы» кезеңдерінің бірінің жеңімпазы (2019), «Гватемала Вуэльтасының» екі кезеңінің жеңімпазы (2020), «Эквадор Вуэльтасының» қола жүлдегері (2020).

Хуан Карлос Лопес, Колумбия, 20 жаста. «23 жасқа дейінгі Колумбия  Вуэльтасы» көпкүндік жарысында 8-орын (2021), «Жасөспірімдер арасындағы Колумбия Вуэльтасы» көпкүндік жарысында 5-орын иеленген (2019).

Джанмарко Гарофоли, Италия, 19 жаста. «Джиро Валле д’Аоста» көпкүндігінің күміс жүлдегері (2021), жасөспірімдер арасындағы топтық жарыста Италия чемпионы (2019), «Трофео Буффони» біркүндік жарысының жеңімпазы (2019).

Пабло Санчес, Франция, 19 жаста. «Сент-Ромен Гран-Приі» біркүндік жарысының қола жүлдегері (2021), «Вуэльта а ла Суббетика» көпкүндігінің қола жүлдегері (2020), біркүндік «Тур дю Жеводан Окситани» жарысының қола жүлдегері (2020).

Матис Калвершс, Латвия, 18 жаста. Жасөспірімдер арасында топтық және жекелей жарыста Латвия чемпионы (2021).

1 ақпаннан бастап велокросс бойынша маманданған италиялық шабандоз Давиде Тонеатти негізгі құрамға келіп қосылады.

Давиде Тонеатти, Италия, 20 жаста. 23 жасқа дейінгі велокросс бойынша Италия чемпионатының күміс (2020) және қола (2021) жүлдегері, «Бругерио» біркүндік велокросс жарысының жеңімпазы (2021).